ДҮНИЕ КЕЗЕК

(Тағылымды әңгiме)
Жанында ерiп келе жатқан немересi, кенет қалт тұра қалды да жеңiнен тартқылады.
- Апа, апа дейiм, әне бiр кiсiнi қараңызшы, құлап қалар ма екен өзi. Сiзден көзiн алмай тұр. Апа, апа қарасайшы? - деп шыр-пыры шыққанда барып:
- Қайда? Кiм, кiм өзi? - деп Бақытнұр апа ерiксiз бұрылған.
Анадайдағы балалар ойнайтын алаңшадағы тербетпе жанында таяғына сүйенген бойда қалт-құлт етiп одан көз ала алмай қалтиып қалған арық қатпа қарт кiсiге бұның да назары ауды. Екi жағы суалған, шашы аппақ, мұрны қоңқақ қарт кiсi Бақытнұр апаның осы жалт бұрылысынан жасқанғандай бетiн бұрып ала қойды. Сосын кiбiртiктеп аз тұрды да жауырыны қусырыла бүкiрейiп таяғына сүйене құлай жаздап жүрiп бара жатты. «Апыр-ай, мына кiсiнiң көзi қандай едi?! Тегi өңменiңнен өтердей тым сұсты екен!», - деп ойлады.
- Немене, қорқып қалдың ба? Ол бiр ата ғой. Жүр, жүре ғой, жарығым. Жай, таза ауада серуендеп жүрген де... Ойында дәнеңе жоқ Бақытнұр апа мектеп жасына келiп қалған немересiн қолынан жетелеп жүре берген. Кенет өз-өзiнен арқасынан бiреу қадалып қарап тұрғандай жалт бұрылып, әлгi кiсiнiң ту сыртынан биiк өскен жапырақты талдың арасынан таяғына сүйене көз алмай қалғанын тағы байқады. Жол әлгi кiсi отырған орындықтан алыс емес едi. Iшiне тартыла бастаған қатпарлы қабақтың астындағы қысыңқы шегiр көз сұстылығы өз алдына, тiптi мысқыл үйiрiп, жұқарып кеткен ернi де жымқырыла түскендей ме?!
- Апыр-ау, мына кiсi, мына кiсi...
Немересiнiң қолын өзi де бiлмей қыса тұскен Бақытнұр апа тiптi даусының шығып кеткенiн де бiлмей қалды. Қалт тоқтай қалған жерiнен бетiне жаутаң-жаутаң еткен немересi:
- Апа дейiм, сiз де анау атаның жаман қараған көзiнен қорқып кеттiңiз бе? Жүрiңiз, жүрiңiз кетiп қалайық, апа. Кетейiкшi?! - деп қолынан тартқылап шыр-шыр еткен даусынан селт ете есiн жиғандай болған. Көзiнен де ерiксiз жас шығып кеткендей.
- О тоба, тоба! Анық әлгi малғұн сол Былшықбаев Қарабай болса. Тынған екен. Жүрер жолын әрең тауып сүметiлiп қалыпты ғой.
- О, сорлы бейшара. Бiреудiң ошағын ойраңдап, билiгiң жүрiп тұрғанда. Талай адамды ашсаң алақаныңда, жұмсаң жұдырығыңда қуыршақтай ойнатып едiң. Иә, иә, бұл сен Былшықбаев Қарабай. Сенiң ана мысқылға тұнған сары нiлге малғандай ала-пұла шегiр көзiң айтып тұр. Сен, сен сорлы бұл ұлкен қалаға қайдан қаңғып келдiң? Қандай тағдыр айдап келдi? Иә, бұл сен, сенiң өзiң. Мен таныдым...
Бетiне жалт-жалт қараған немересiнiң қолынан мықтап ұстаған ол автобус аялдамасына қарай тез-тез аяңдады. Қаланың көрнектi жерi болса да, автобус кештеу келетiн әдетi. Аялдамада тұрған оның көз алдына манағы таяқ ұстап ақсаңдаған шалдың сұсты жанары. әсiресе көзiнiң астымен ернiн тiстелей тiгiлiп қарайтыны кетпей қойды.
- Анық таныдым, мынау сол ғой. Сонау бiр дәуiрi жүрiп, "ақ дегенi алғыс, қара дегенi қарғыс" болып шайқап тұрған кезiнде, көрмегенiн көрсетiп, көзiне көк шыбын үймелете жаздаған осы шегiр көз. Әйтеуiр жақсы адамдар кездесiп перiште болып қанатымен қағып аясына паналатып едi-ау! О, құдiрет, бұл сүмсiк әлi тiрi екен ғой. Жер басып жұр екен ғой. Таяқ ұстап қалтаңдап қалғанына қарағанда бұған да зауал келген сияқты. Тағдырдың бiздi осылай кездестiргенiн қайтерсiң!?. Көзiнен ерiксiз жас парлап кеттi. Немересiне бiлдiрмейiн деп, жөткірiнген болып бетiн басты. "Әже, не болды? Неге жөткірiне бересiң?" - дегендей, немересi бетiне жалтақ-жалтақ қарайды. Зарықтырып барып кұткен автобус та келдi-ау. Автобуста адам тығыз болды. Немересi шетте трып қалды. Көзiнiң жасы бiр тыйылсашы. Бетiн терезеге бұрып алып, орамалымен аузы-басын бүркенiп алды.
- Адамның өмiрiне егеу болатын шемiр, сүмелек. әттең, әттең-ай! Сол бiр дүркiреп тұрған кезiңде көрiмiңдi бiр көрсетуге шамамның келмегенi-ай! Отбасылы, балалы-шағалы болдым. Оның ұстiне қолымыз да қысқа. Бiр заманнан бiр заманға ауысып жатқан нарық жан-жақтан қусырып... Ойпыр-ай, өлейiн деп жатса да аузын бiлеген айдаһардың қырық жанынан бiр белгi қалады демекшi, сенiң ернiңдi жымқырып алып, өлiмсiреп, қаныңды iшiңе тартып қарайтын сұстың, суық түсiң сол күйiнше қалыпты ғой.
Ернiн тiстелей, көз жасы мөлдiреген Бақытнұр апаның есiне ерiксiз осыдан отыз жылдай бұрын басынан өткен оқиғалар тұстi.
Институтты бiрге бiтiрген Сабыржанмен дәм-тұзы жарасып отау құрды. Екеуi де бойымен де, ойымен де, көркiмен де келiстi жұп едi. Бiрге оқығандар қол ұстасып қатар жұрген екеуiне бiр бұрылып қарамай өтпейтiн. Сабыржан бұған қарағанда салмақты. Көп жағдайда қолға алған iсiн ақылмен шешедi. Болашақ жары Бақытнұрдың еркелiгiн де назын да көтерiп, қиын-қыстау күндерде сыр бермей, аппақ тiстерiн көрсетiп күлкiмен жеңедi. Институттың көркемөнерпаздар үйiрмесiне қосылып, сонау Мәскеуге дейiн барып әдемi даусымен ән шырқап, өнер көрсетiп қайтқанда отарбадан вокзалда Сабыржанның өзi күтiп алады. Құшақтай аймалап гүлiн табыстайды.
- Сендердiң өнерлерiңдi телеарнадан көрсеттi. Өте тамаша болды. Қазақтың намысын бермеңдер. Қатты риза болдық. Сенiң домбырамен айтқан әнiң бәрiне ұнады. Тiптi ұстаздардың қуана қол соққанын көресiң... - дейдi әдетiнше аппақ тiстерiн көрсетiп мәз болып.
- Сен ше, сен менi қызғанбадың ба? - дейдi бұл да еркелеп. Сабыржан оны құшақтап бауырына тартты.
- Бiз бiр-бiрiмiздi сүйемiз. Бiр-бiрiмiзге адалмыз. Неге қызғанамын. Сенiң өнерiң маған да мақтаныш...
Иә, олар бiр-бiрiне адал жар болды. Саф таза махаббаттарын кiр шалдырмай биiк ұстады. Институтты қызыл дипломмен бiтiрген Сабыржан магистратурада қалып едi. Бақытнұрға жұмыс табылмады. Оның үстiне аяғы ауыр. Егемен ел болып, қайта құру жүрiп жатқан нарық қыспағы бұларды да құрсауына алған. Әмәнда болашағын сабырмен, ақылмен жеңетiн Сабыржан бiр досының көмегiмен үлкен облыстың бiр ауданының орталығындағы жаңа ашылған жемiс-жидек комбинатына экономист-есепшi қызметiне баратын болып келiсiптi.
- Қалада қиналамыз, - дедi келiншегiне әдетiнше күлiмсiрей қарап. Пәтерақысы бар. Оның ұстiне жақында бөпелi боламыз. Әзiрше жұмыс жасай тұрайық. Кейiн көрермiз.
Бұлар келген аудан орталығы әжептәуiр беделi бар қала екен. Жемiс-жидек комбинатынан басқа да көптеген кәсiпорындар, колледж, техникум, институт та бар. Тұрғын халық мал бағып, егiн егiп, кәсiпорындар ашып, қарбалас қимыл ұстiнде. Орталықта бiрнеше жерде үлкен базар, мейрамхана, гастроном, дүкендер жұмыс iстейдi. Көп ұзамай-ақ, Бақытнұр ұлды болды. Iскерлiгiмен, тiл тапқыш, бiлiмдiлiгiмен Сабыржан келесi жылына-ақ комбинат директорының орынбасарлығына көтерiлдi. Баласы бiр жасқа толған соң Бақытнұр жұмыс iстесiн деп Сабыржан баласына қарау үшiн елден мектепте оқитын қарындасын алдырды. Баласына бiр мезгiл қарау үшiн Бақытнұр үйiне жақын жердегi жаңа ашылған институтқа мұғалiм болып орналасты.
Ендi әңгiменi жаңғырта бермей-ақ қысқасын қайырғанда, пәленiң бәрi осы жұмысқа келгеннен басталды. Онсыз да қасы-көзi қиылған, өнерлi, әдемi келiншек, жарастықты киiм киiп кабинетiне кiрiп келгенде әлденелер жазып тұқшыңдап отырған екi жағы суалыңқы, қапсағай денелi, сықсиған шегiр көздi институт ректоры бұған тiкшиiп қарады да қалды.
- Сәлеметсiз бе? Мен осында қызметке... - дедi мына кiсiнiң өзiне қабағы тартыла өлеусiреп тiкшигенiнен дiр ете шегiнiп қалып, бойын қайта жинап. Ол сазарып қараған бойда ләм деген жоқ. Сол көзiн алмай, қолындағы қағазын алды да үн-түнсiз қол қойып бердi.
Жұмыс қалпымен қызу жұрiп жатты. Жаңа орта, жаңа таныстар. Өзi әдемi. Өзi мәдениеттi, жұмысына тиянақты келiншек ұжыммен тез тiл табысты. Теңдес, қатарларымен арқын-жарқын, ойнап-кұлiп, әдетiнше әдептi әдемiлiгiнен танбай киiнiп, сыланып, таранып жүретiн. Себеп тауып бастық жиi жиналыс жасап, ұжым мұшелерiн отардағы қойдай үйiрiп, алдына жинап ала беретiн. Жиналысын жүргiзiп отырып та, көптеген әйелдiң iшiнен тiнтiп тауып шегiр де жымысқы көзi осыған келiп қадалатын. Осы сылыңғыр қара кiсiнiң жымсық жанарынан зәр шашып тұратын. Әлгi кiсiнi көрсе-ақ жаңадан қызметке орналасып, көпшiлiкпен ендi танысып жатқан Бақытнұрдың тұла бойы түршiгiп, мүмкiн болса көзiне түспеуге тырысатын.
Бiрақ, бұл сақтығы ұзаққа бармады. ұжымға атақты өнер иелерi, басшылар жиi келедi. Ондайда дастарқан қамымен, ас мәзiрiн қамдап жүретiн әйелдер. Оның үстiне студенттердiң талантын, өнерiн танытады. Ондай игi iстерге ұйытқы болатын да әрине алдымен ұстаздары.
Әдеттегiдей институтқа атақты кино актерлер кездесуге келетiн болыпты. Айналаны тазалау, кездесу өткiзетiн залды сәндеу, дастарқан мәзiрiн тағайындау сияқты мұрыннан сүрлiккен қарбалас iс басталды. Алтын асықтай екi ұл бiр қыз тауып берген сұлу да, ақылды келiншегiнiң жұмыстан шаршап, қабағы қатып келетiнiн Сабыржан айтпай түсiнедi. Жеңiл-желпi тамақты да өзi әзiрлей салады. Аймалап-еркелетiп:
- Тым алашапқын бола бермешi. Бiр сәт тынықшы, - дейдi шашынан иiскеп. Жағдайын жасап, өзiнiң жан күйзелiсiн тұсiнетiн Сабыржандай жайсаң жiгiтке кездескенiне Аллаға мың бiр тәуба етiп, оның мойнына асылып еркелейдi. Бөпелерiн екеуi бiрдей алақандарына салып аялайды. Ертеңгi кұнi атқаратын жұмыстарын ақылдасады.
Атақты киноактермен кездесу тамаша өттi. Дастарқан да сәндi жасалды. Отырыстан соң, әдеттегiдей би болды. Шағын болса да сол қаланың өзiнiң басшылары, тағы да сыйлы қонақтармен кеш тамаша өтiп жатты. Неге екенiн, осы кеште әлгi өзiн жұмысқа қабылдаған маңдайы таңқиған, жылан көз басшы Бақытнұрды шетке шығып кеткен жерiнен тауып алып биге шақыра бердi. Үлкен банкет залының өн бойына төсеп тастаған жасыл қызыл аралас кiлем, үлбiреген үндi пердесiмен, айшықты люстраның ақ сүт түстi жарығымен ұласып, әсем киiнiп билеп жұрген жас-кәрiнi де ерекше бiр сұлулыққа бөлеп жiбергендей. Қонақтарды аттандырып, дастарқанды жиып кету жүктелгендiктен Бақытнұр амалсыз аялдаған. Ендi мына кiсiнiң өңмеңдеуi, ұяттан аттап, жылан көзiмен iшiп-жеуi жаман ыңғайсыздандырды. Тiптi құшағына қысып, ырсылдай тамағынан аймаламақ болғанда итерiп жiберiп, құшағынан сытылып шықты. Абырой болғанда бiр өшiп-бiр жанып тұрған алуан тұрлi жарықтар, құлақты жарған музыкамен қызу билеп жүргендер ештеңе аңғармай қалған сияқты. Бiр жағы iшкiлiктiң қызуы да жоқ емес. Әжептәуiр атақтылардың өзi жап-жас қыз-келiншектерге емiнiп, көзi тұманданып кеткендей.
- Мұныңыз ұят емес пе? Менiң күйеуiм бар. Балалы-шағалы кiсiмiн. Мен сiз ойлағандай бұзылған әйел емеспiн, - қойыңыз ендi.
- Күйеуiң сонша бiзден артық па едi? Қарашы, мына мен кiмнен кеммiн? Әдемiмiн, үлкен басшымын. Байлық та, бақ та мына уысымда. Алақанымнан сап-сары алтын саулайды. Қане, не сыйлайын саған? Алқа ма? Сырға ма? Әлде қарамағымдағы бiр бөлiмдi басқарып, қос-қос сымтетiктiң тұтқасын ұстап, жұмсақ креслода шiренiп отырғың келе ме? Қалағаның сұлуым. Өзiң бiр ерекше тәрбиелi, әдемi келiншексiң. Мен, мен сенi сүйiп қалдым. Иә. Мен сенi бiр көргеннен ұнаттым. - Ол келiншектiң қолтығынан ұстап тағы құшақтамақ болды. - Қойыңыз аға, мұныңыз ұят. Бл әңгiменi менен басқаға айтыңыз... Оның қолынан әрең босаған келiншек есiкке қарай ұмтылды. Үйiне дейiн жылап келгенмен, Сабыржанға сыр бермей бетiн опалап алды.
Ертеңiне жұмысқа келген Бақытнұр "жiгiтшiлiк - итшiлiк" деп жәй қызып қалған шығар. Қанша дегенмен қаладағы үлкен институтты басқарып отырған салиқалы, беделдi басшы ғой. "Адамдықты, кiсiлiктi терең ұғынған кiсi, басқаға ғана емес, өзiне де төрешi бола алады" деп бiр данышпан айтпақшы, есiн жиған соң өз-өзiне келер. Ол кiсiнiң алдында күнiне қанша адам келiп, мәселесiн шешiп кетпей ме? Кешегiсiн бiлсем де, бiлмеген бола салайын" деп ойын топшылаған. Киiнiп-таранып, тап-тұйнақтай болып, тағы жұмысына келдi. Ойламаған жерден тағы жиналысқа шақырылды. Басалқалы деген басшысы бұны тағы да жымысқы көзiмен iшiп-жей бастады. Тiптi қит еткенге тиiсiп, тiсiн қайрап кiжiнетiн сияқты. Алапандай кабинетте бәрi тым-тырыс, шыбынның ызыңы сезiлместей. Жиналысқа келгендердiң өзi осының ысылын есiтпей, табанының iзiн де қалдырмай жылыстап кетуге асыққандай. Бастықтың мынадай езуiн ыржитқан қырынан бұл да тiтiркенiп, түршiгiп қалды. Үн-түнсiз өз жұмысын атқарып кетiп қалмақ болған. Түс әлетiнде лыпып келген хатшы қыз:
- Сiз Қарабай Былшықбаевтың алдында болуыңыз керек. Тез жүрiңiз, - дедi де аяғы аяғына тимей зымырай жөнедi. Мұндай жағдайды күтпеген. Жүрегi лоблып аузына тығылды. Маңдайынан суық тер шықты. Барғысы келмей, аяғы тартпай тұр. Бiрақ амал жоқ. Басшының аты басшы. Әрең келдi.
- Мендей қатардағы оқытушының жұмысы деканат пен кафедра меңгерушiсiмен-ақ тынбай ма? Үлкен кiсiнiң менде не жұмысы болды екен? - дедi хатшы қызға ызаланып тұрғанын бiлдiргiсi келмей.
- Мен бiлмейдi, - дедi қазақшаны тiлiн бұрап әрең сөйлейтiн хатшы қыз Меруерт.
Маңдай терiн сүртiнiп, кабинет табалдырығынан әрең аттады.
- Иә, немене? - дедi оның келгенiн кұтiп тұрғандай креслосынан тұра аппақ тiсiн ыржита келiншекке қарай аттап-пұттап ұмтылып, тiксiне кейiн шегiнген Бақытнұрдың қолтығынан ұстай алған. Тiптi икемдеп өзiне тартып барады.
- Өзiң қандай әдемi, сұлусың! "Сұлуды сүймектiк - пайғамбар сүннетi" деген. Өзiңдей бiр сүйкiмдi аруды аңсап жұрушi едiм. Ендi жәнiм, жәнiм... - деп өңмеңдей ұмтылып, аймалай жөнемек болғанынан, ненi күтсе де мұндай сұмдықты күтпеген келiншек сiлкiне кейiн шегiндi.
- Өзiңiз мұлде ұятсыз екенсiз. Кiм, кiм, сiздi мұндай деп ойламаған едiм. Анау-мынау емес, жауапты басшысыз. Менiң отбасым, бала-шағам бар. Мынауыңыз оңбағандық қой. Қойыңыз, Ұят болады... Қисайып кеткен жағасын жөндеген келiншек есiкке қарай ұмтылған. Арыстандай атылған басекең келiншектi құшақтай көтерiп алып, диванға атып ұрды. Қалай екенiн бiлмейдi көз iлеспес жылдамдықпен есiн жиған келiншек күрек тiстерi ақсия, езуi ыржиып ұмтылған басекеңдi бар екпiнiмен кеудесiнен итерiп қалып, қабырғаға жағалай қойылған орындыққа омақаса құлатып түсiрдi. Қорыққанынан өңi шүберектей ағарып, көзiнен жасы саулап кеткен келiншек сыртқы есiкке туфлиiнiң табаны тарсылдай жұгiрдi. Өңi өрт сөндiргендей, аузын басып ышқына жылайды. Абырой болғанда хатшы қыз жоқ екен. Бәлкiм сұмдық сойқанын сезiп қалмасын деп, бастықтың өзi ерте рұқсат берiп жiберген шығар. Сол жүгiрген бойда әжетханаға кiрiп, бетiн басып тұншыға жылады. Киiмдерiн жөндеп, бетiн опалап, өз-өзiне әрең келдi. "Ауырып тұрмын. Қан қысымым көтерiлiп кетiптi" деп кафедра меңгерушiсiне даусы қарлыға әрең айтып бұрылып жұре бердi. Екi күн сабаққа бармай қалды. Деканаттан сым тетiк соғып, қайта шақырып алды. Жұмысқа келмей қалғаны ұшiн қатаң сөгiс берiптi.
- Денсаулығым жарамайды екен. Басқа жерден өзiме жайлы жұмыс iздейiн, - деген уәжiне:
- Қой, ойбай оның не? Жұрттың қолы жетпей жұрген тәп-тәуiр қызметiңдi тастап кетiп. Бiзге өзiңдей бiлiмдi, парасатты ұстаз керек. Не болды аяқ астынан нiлдей бұзылып, - дедi кафедра меңгерушісі Гүлбибi апайы әлдененi iшi сезгендей өңi қуқылданып. Бақытнұр ләм деп жақ ашпады. Бетiне аз-кем қарап қалған апайы:
- Айтпақшы, әлгi хатшы қыз, кезектi демалысына шығамын деп қыңқылдап жүр едi. Кеше арызына бастық қол қойып берiптi. Ендi сол қыз келгенше бiр жиырма күндей сен орнына тұра тұр, - дедi Гүлбибi iс-мiс жоқ жол бастай берiп.
- Қайда? Сонда бастықтың алдына ма? Селк ете қалған Бақытнұр ерiксiз тоқтаған.
- Иә, бастықтың өзi солай ұйғарды. Жұре ғой. Неге тұрсың? - деп бұрылып қараған кафедра меңгерушісіне:
- Мен, мен жұмыстан шығайын деп едiм. Басқа ыңғайлы бiреу тапсаңыздаршы!? Мен, мен бармаймын, - дедi жылап жiберуге шақ қалып.
- Онысы несi? Тiптi мынау ұят болды ғой. Ең болмаса бiр ыңғайлы қыздардың бiреуiн тапқанша бiрер кұн тұра тұр. Өзiм хабар алып тұрамын, - дедi Гұлбибi апайы жалынғандай болып.
Арада аз уақыт салмай-ақ басекең жылмаң етiп кабинетiнен шыға келдi. Өзi жап-жаңа костюм-шалбар киiп, мойнына галстук тағып, ыздиып киiнiп алыпты. Орнынан епетейсiз көтерiлген бұған сұсты жылан көзiмен тiкiрейiп қарап өттi. Тегi кешегi жас келiншектiң тегеурiнiне шыдамай қабырғаға арқасы солқ етiп тиiп, кейiн омақаса құлағанына кектенiп, тiсiн қайрап қалды ма? Түстен кейiн тартқан аяғын әрең игерiп өзiне келгенше қоңырау тынымсыз әлденеше қағылды. Есiктен имене басып кiрген келiншектi кұткендей аттап-пұттап бөлменiң ортасына келген.
- Немене еркек көрмеген бойжеткендей ытырынып, әлдеқандай болып. Кiмнен кейiн едiк сонша. Көп әйелдiң iшiнен қыран көзiмiз өзiңе тұскен екен. Бұлданасың сонша?! - Ынтық болған, жүрегi сол деп соққан әйелге емес, нақа жұмысына салғырт қарап, лағып кеткен қарамағындағы қызметкерiне әкiреңдеп, үстелді тоқпақтаған бастықтай мiндетсiнiп, миығында менмендiк ащы, ызалы күлкi үйiрiлiп, тартыншақтаған келiншектiң бiлегiнен шап етiп Ұстай алды. Тағы да бауырына тартып аймаламақ болды. Үстiне сеуiп алған қымбат әтiрдiң иiсi бұрқ-бұрқ етедi. Әбжiл қимылмен келiншектi көтерiп алған. Қолынан бұлқына еденге домалап тұскен келiншек тағы да ұмтылған оны iшiнен өкшелi туфлимен бiр тептi.
- Ойбай iшiм, - деп екi қолымен iшiн басып отыра қалған басекеңе есiктiң алдына барып шалт бұрылған келiншек:
- Ұятсыз екенсiз, - дедi жағасын жөндеп, көзiнен жасы сорғалап.
- Ерлi-зайыпты, балалы-шағалы, ар-ұяттан аттамаған мен сияқты ибалы-iзеттi әйелдердi сiздей озбыр, бiр күндiгiн ойлайтын оңбағандар жолдан шығаратынына ендi көзiм жеттi, - дедi есiктi жұлқи ашып. - Жұмысыңызды жинастырып алыңыз. Көңiлiңiздi табатын сылқым бикештi iздерсiз... - деген.
- Иә, әнебiр шләпiсi қисайған ыздиған бiреу ме байсымағың. Көрермiз. Мендей мықтымен мысық тышқанша ойнағанның ақыры немен бiтетiнiн әлi-ақ бiлерсiң! Әлдеқандай болуын... - деп, даусы қарлығып, кiжiне сөйлеген бастықтың сөзiн есiктен шыға бере естiдi.
- Бүйтiп жарылқаған жұмысың құрысын. Сұмдық-ай, балалы-шағалы, басалқалы еркек те осындай болады екен ғой!? Тұла бойының дiрiлiн әлi баса алмаған келiншек, бетiн баса еңiреп, ашық қалған есiктi жабуға бұрылғанда iшiн баса бұкшиiп төрдегi мамық креслосына қарай кетiп бара жатқан басекенi көрдi.
Бетiн опалап, ернiн бояп, киiмiн жөндеп, сөмкесiн көтерген бойда үйiне тартты. Ернiн тiстелеп, жас мөлдiреген жанарын қайта-қайта сүртiнiп әрең келген. Күйеуi Сабыржан жұмыста. Үш баласы балабақшада. Төсегiне құлай кетiп әбден жылады. Гүлдей өмiрiнiң сабағын қиып, үлпершектей болып жетiлiп келе жатқан бүлдiршiндерiн аялап, бiр-бiрiне дегенде жаны бөлек жан жарының көзiне шөп салдырмай, жұрт жиренiп айтатын сайқалдыққа, жезөкшелiкке сүйреген, жылмыңдап тұратын көзi сияқты жан-дүниесi де нас, қараниет адамның уысынан, шашасына шаң жуытпай сытылып шыққан көзсiз ерлiгiне өзi де таң қалады. - Тәңiрiм-ай, о Жаратқан! Алпамсадай еркектiң тас құшағынан соншама қайсар күш берiп аман-есен құтылып кетуiме жәрдем берген өзiң бе едiң. Бар екенсiң ғой. Бар екенсiң ғой... Сүйгенiме, бала-шағама тiктеп қарай алмайтын қарабет болып қалғанымда қайтар едiм!? Өлер едiм. Анық өлер едiм. Не болғанын жан адамға бiлдiрмей. Бiлмесiн... - дейдi тырнақтарын аузына салып дiр-дiр еткен келiншек.
Кешкiлiк қызметiнен келген Сабыржан:
- Неге өңiң құп-қу болып, көзiң қызарып кеткен. Қан қысымың көтерiлiп кеткен жоқ па? Жұмысың ауыр болса, басқасына ауыс. Балалар бар, үйдiң шаруасы, шаршап қаласың ғой, - дедi әдетiнше аймалап, еркелей бауырына тығылған Бақытнұрының шашынан иiскеп. Тiптi басы солқылдап ауырғанын қоймаған соң, түн iшi болса да, "жедел жәрдем" шақыруға тура келдi. Күйеуi екеуi ақылдасып жұмыстан денсаулығына байланысты шығуға арыз жазды.
Бұл арызын апармай-ақ ертеңiне тұске жетпей штаттың қысқаруына байланысты жұмыстан босатылған бұйрықты алып кiсi келдi. Басқа емес, бөлiм басшысы кафедра меңгерушісі апайы екен.
- Үйге кiрiп дәм татыңыз, - деп iзет бiлдiрiп едi, машинадан түсiп сыртқы қақпаның алдында тұрған бойда Бақытнұрға бұйрықты ұстатып:
- Ендi бұл жерде сендердi тұрғызбайды. Басқа жаққа кетiңдер. Сенiң алдыңда бiр жас қыздың аяғы ауырлап қалып, түк кiнәсiз қызметiнен босатып жiбердi. Арбауына түсiрiп жарылқап берген үйiн де тартып алған. Жылай-жылай кеткен сорлы қыздың қайда қаңғырып қалғанын бiр тәңiрi бiлсiн. Әйтеуiр сырт бiреулердiң сыбысынан естiгенiм, баласын тауып перзентханаға тастап қашқан жерiнен ұсталып, түрмеге түсiптi дейдi. Кiм бiледi, далбасалаған сорлы күнәсiз сәбидi өлтiрiп қойды ма? Тектен текке түрмеге тұспейдi ғой. Бұл кiсi ұжымдағылардың кит еткен қателiгiн сезсе, бет-жүзiң демейдi, жұмыстан қуып шығады. Мына бейбақ бала-шаға асырап отыр-ау, күнiн көре алмай қалады-ау деген адамгершiлiк ұғымнан ада. Түрi қандай қара болса, iшi де сондай қара. Естуiмiзше сонау жоғарыдағы ұлықтардың жанындағы ұлкен басшының бiреуiнiң туған iнiсi дейдi. Тiптi осы қаланың әкiмiнiң өзi аяғын тартады. Араларыңда не жағдай болғанын бiлмеймiн. Бiрақ, ақсиған азуын бiлеп, түнергенiне қарағанда сендерге жақсы күн жоқ. Әжептәуiр, әйелдердiң iшiндегi оңды бала екенсiң. Жолың болсын, қарағым. Бiр тілеулес апаң барын есiңе алып жүрерсiң, - деп бiрге қызметтес болып, аз күн дәмдес болған егде әйел шалт бұрылып кете бердi.
Жанашыр апайының айтқаны айдай келдi. Кешке қызметiнен келген Сабыржан да, қабағы қатып, қаладағы жұмысы дұрiлдеп тұрған беделдi комбинаттың бастығының орынбасары қызметiнiң қысқарғанын, қолына жұмыстан босағаны туралы бұйрық берiлгенiн айтты. Iшi қылп ете қалған Бақытнұр ернiн тiстелей Сабыржан iштей күдiктенбесiн деп, бетiн кеудесiне басып құшақтай алды. Өксiп жылап жiбердi.
- Жүдемешi, жаным! - дедi әйелiнiң шашынан сипаған Сабыржан оның жылағанын өзiнiң жұмыстан босағанына күйiнгенге жорып. Төтенше келген тығырықты неге жорырын бiлмей, саусақтарын уқалаған Сабыржан бөлме iшiнде әрлi-берлi жүре бастады.
- Оңбаған, адамның iшiндегi iшi қара залым-ай! - дедi ас бөлмеде тұрып өксiп-өксiп жылаған Бақытнұр.
- Сырдың суы сирағыңнан келмейтiн сендей қара жүректiң жағасы жайлаудан келiп тұрған келеңсiз кезге қай пейiлiмiзбен тап болдық екен. Қылышын сүйретiп қыстың тақап келе жатқаны мынау. Отын, су керек. Жас балаларымыз бар. Ендiгi күнiмiз не болмақ? Аузымыздағы Алланың берген нәпақасын жырып алып, жаутаңдап қалардай қандай күнәмiз бар едi. Қандай жаман едiң, қараниет-ай!
Өксiп тұрған келiншегiн құшағына қысқан Сабыржан әрең жұбатты.
- Қой, тым жүдеп жылай берме. Емiзулiсiң ғой. Неге сонша қамығасың? Екеумiз де жаспыз. Екi қолға бiр жұмыс. Ендi маған көз жасыңды көрсетпе, - деген күйеуiнiң байыпты ақылына тоқтады.
Бұдан да жаман, сорақысы екi-ұш кұннен соң жеттi. Комбинаттан кiсiлер келiп үйдi босатуын талап еттi. "Бiрер кұнде басқа үй тауып көшiңдер. Әйтпесе әңгiме басқаша болады" дедi қоқан лоқы көрсетiп.
- Әкетай, кiмдi болса да қысқа қарай үйден шығару заңға да, адамгершiлiкке де жатпайды. Көктемге қарай босатайық. Жас балаларымыз бар. Бұл жерге жуықта көшiп келгемiз. Туыстарымыз алыста, деген өтiнiштерiне құлақ та асқан жоқ.
- Бiз қарапайым адамдармыз. Бастықтардың айтқанын орындаймыз, - дедi мұрты едiрейген бiреуi. Машинаның кабинасын тарс жауып. "Әншейiн бiр қыр көрсету шығар. Адамгершiлiкке келетiн шығар. Қанша дегенмен бiрге қызметтес болдым ғой" деп ертеңiне комбинаттың басшыларына жолығуға барған Сабыржанды маңайына жолатпапты. Бұрын Сабыржанның алдында құрдай жорғалап Сәкелеп жұретiн кейбiреулер танымаған болып, шекесiнен қарап өттi. Бастық iссапарға кеткен деп шығарып салды.
Уәдесiнде тұрып, "шаш ал десе, бас алатын" жандайшаптар келесi аптасына жетiп келiп, iс-мiс жоқ, жүктерiн сыртқа шығара бастады.
- Ойпыр-ай, ендi осындай сұмдыққа баратындай, бiз зұлмат заман құрбандары емес едiк қой. Бiз де Алланың жаратқан пендесiмiз. Ең болмаса екi-үш ай шыдасаңдаршы. Қар жауғалы тұр. Күздiң қара суығында қайда барамыз!? - деп шырылдаған Бақытнұрдың сөзiн тыңдағысы да келмедi. Сабыржан сазарып ұндемедi. Қайта шашылған заттарды жинап, шырқырап жылаған балаларын жұбата алмай әлек. Мұншалықты қорлыққа шыдамаған Бақытнұр есiнен танып құлады. Сымтетiк те iстен шыққан соң Сабыржан көршi ұйге жүгiрiп, "жедел жәрдем" машинасын шақырды. Таяғына сұйенiп келген көршi шал:
- Ей, шырағым, - дедi кекiрейген мұрттыға қарап таяғын сермелеп, шолақ қолын көрсетiп: - Отан соғысына қатысып, бiр қолымнан айырылғанмын. Бомбы түсiп өртенiп жатқан ата жауымыз немiстiң үйiнен шырқырап жылаған балаларын алып шығып бауырымызға бастық. Қалт-құлт етiп көзiнен жасы сырғалаған қарттарына қалбырымызда қалған тамағымыз бен бiр жұтым суымызға дейiн ұсындық. Ол заман өзiмен кетсiн. Бiз қанымыз бiр қазақ едiк қой. Құрқылтайдың ұясында ұялағандай бiр қазаннан дәм татып, төрiмiздi қонағымызға беретiн өз жерiмiз, өз елiмiзде отыр едiк қой. Елде жоқ қылықты бастап бұларың не?! Құдайдан қорықпайсыңдар ма? - деген сүйектен өтердей сөзiн тас-керең болып қалғандай ешкiм де құлағына қыстырған жоқ.
- Бiз бiлмеймiз. Бiз бастықтың айтқанын орындаймыз, - дедi әлгi мұрты, көзi жыпылықтап терiс айналып кетiп. Сосын маңдайының терiн сүртiп, қолын бiр-ақ сермеп сыртқа атып шығып кеттi.
- Бастығым дейдi ғой. Құстың ұясын да бұзбайды қазақ. Жас балаларымен шырылдатып, бiр бейшараларды қинаған сол бастығың сiрә оңбас. Ол да Құдайдың жаратқан пендесi. Құдай бар екенiн бiле ме екен сол бастықсымағың... - деген көршi қарттың қаһарлы үнiн Бақытнұр дәрiгер салған екпеден есiн жинағанда естiдi. Ауруханаға әкетпек болып едi балаларын құшақтап бармады. Әйелiн қолтықтап әкелiп әлгiлер сыртқа сүйрелеп тастаған диванға жатқызып, балаларын көтерiп әрең жұбатқан Сабыржан ғана сыр бермей, әлгiлерге қасқайып қарайды.
- Жылама. Қандай қиналсаң да маған көрсетпе. Жаныңда мен жүргенде ештеңеге қамықпа деп ескертпедiм бе? Ден сау болса, үй табылады. Өзiм iздеп табамын. Ертеңнен бастап, - деген оған жалт қараған көршi ақсақал, әлi дiрiлiн баса алмай, таяғын сермелеп:
- Ешқайда қаңғыма балам, - дедi қаһарлы үнмен.
- Мына менiң қорамдағы бөлек салынған екi бөлмеге заттарыңды тасы. Iшiнде от жағатын пешi бар. Мына үлкен үйдi саларда кемпiрiм екеумiз шиеттей үш баламызбен сонда отырғанбыз. Газ пешiн орнатпақ едiк. Жәй, ұсақ-тұйек заттар тұрған. Кейбiр қаныпезерлердiң жүрегi тас болса, бiздiң ұятымыз бар. Барма ешқайда, балам. "Бiр жылға бит терiсi де шыдайды" деген. Әлi-ақ оңалып кетесiңдер. Жасыма келiнiм. Азаматың аман болсын. Әлдеқандай қылған үйiн бере сал... Дендерiң сау болса үй көп... - деп таяғымен жердi тоқпақтаған ақсақал жеңiлдеу затты бiр қолымен көтерiп өзi таси бастады.
Жаңадан келiп ендi орныққан жас отбасының тұтынар заты да шағын ғой. Лезде-ақ ақсақалдың немерелерi мен бәйбiшесi де жәрдемге келiп, көршi қорадағы шағын екi бөлмелi үйге көшiп алды. Онымен де тұрмай, бәйбiшесiне қазан толтырып ет астырған қарт, қымыз-қымыранымен жасалған дастарқанға шақырды.
- Қамықпа. Адам өмiрiнде әр алуан қиындық болады. Сабырмен, ақылмен жеңе бiлу керек. Ден сау болса, әлi-ақ теңелiп кетесiңдер. Ендi кiм болса да ақырын ойламаған жауыздың тiрлiгi бұл. Әлi-ақ, көз-жастың, бiреудi нақақтан шырқыратқаны үшiн Алланың алдында жауап бередi. Оның да шаңырағының қирамасына кiм кепiл. Қызғаншақтық пен пейiлi тар көре алмайтын, өркөкiрек лас кiсiнiң iсi осындай болады. Мен де комбинаттың басшыларына, ардагерлiк құқымды пайдаланып әкiмшiлiктегi тиiстi басшыларға барып жолықтым.
- Бiз бiлмеймiз. Бәлкiм комбинаттың есеп-қисабынан қате тапты ма? Бәрi аяқ астынан болды. Тапсырма жоғары жақтан келген, - дейдi. Баспана мәселесiн де сол жоғарыдағы мықтылар шешер-міс. Не болса да сол жоғарыдағы мықтыларға сағағымыздан iлiнiп қалған болдық қой, - дедi ақсақал күйiнiп.
Бетiнен оты шыққан Бақытнұр жанарынан жас тамшылап жерге қарады. "Iштегi дертi iшiнде" демекшi, бәрiн iшiнен сезiп отыр емес пе? Жүзi қара мықтының дегенiме көнбедiң деп тырнағын батырып отырған жауыздығын қайтiп айтсын. Қайтiп. Онда үкiлеп алақанда аялаған жарының, перiштедей балаларының, "қырық жыл қырғын болса да ажалды өледi" демекшi, қан кешiп, халқының тыныштығын қорғап мұгедек болып отырған қасиеттi, ибалы, төрiнен орын берiп отырған мына қарттың бетiне қайтiп қарайды. Қайтiп... Не бетiмен. Ернiн тiстелей күйiнiп басын шайқады. Әдетiнше салмақтылық танытып, сыр бермеген Сабыржан да ойланып қалған. Сол жоғарыдағы былқылдаған креслода шалқиып отырған мықтыларға бұл да барып тауы шағылып келген. "Бәлкiм, сол келген тексерушiлерден болды ма екен?" дейдi ақылы айран болып. Осыдан бiр айдай бұрын комбинаттағы жұмысшылардың арызымен тексерушiлер келген. Жұмыстан негiзсiз шығарған, үй ала алмай жатырмыз, жәрдемақыны жөндеп төлемейдi" деген сияқты. Сол тексерушiлердi кеткенше Сабыржан өзi алып жүрген. Бастықтың бiрiншi орынбасары болғандықтан күрделi жұмыстың шешуi жұктеле беретiнiне де етi үйренген. Бәрi заңдастырылып, рет-ретiмен шешiлiп, есеп-қисаптағы келеңсiздiктер ғана сөз болып, олар тып-тыныш кеткен. Орынбасары болған соң кейбiр есеп-қисап қағазға бастықтың орнына бұл да қол қоя беретiн. Бiрақ қандай қағазға да сауаттылықпен, ақыл-парасатпен назар аудармай қол қойған емес. Тiптi бастықтың өзi оның құнттылығы мен бiлiмдiлiгiне риза болатын. Ендi төтеннен бiр бiлместiкпен қол қойған қателiгiн тапты ма екен? Жұмыстан кетуiн талап еттi ме екен? "Әкесi өлгендi де естiртедi" деп, ондай ұнамсыз хабар болса бастығы неге шақырып алып айтпайды. Өз айыбы өзiнде болса, бұл оны тiптi кiнәламас едi ғой. Азаматтық арымен өз еркiмен арыз жазып жұмыстан шығып кетер едi. Осы оймен бастығына барып жолықпақ едi, iссапарға кеттi деген жауап алды. Күнде барады, кеше кезектi демалысқа шықты деген сыбыс естiдi. Неге, кiнәлi деп тапса бұдан қашқақтайды. Өтi жарылып кетсе де шындықты айтпай ма? Бұл да алабұртқан көңiлiн басар едi. Бәлкiм, келгелi бiр-бiрiнiң бетiне шәй деп келмеген. Ағалы-iнiлiдей тату болып кеткен соң, не дерiн бiлмей, ұялды ма? Иә, иә, осы ойым жұйеге келедi. Сол тексерушiлер бұлдiрген екен ғой. Маған айта алмаған ғой. Бастықтың орнына менi жұлып тастады. Арызды тексергеннiң ең дұрыс жолы - бастықты креслодан ұшырып жiберу. Сонымен мәселе тәмәт тәмам. үйреншiктi әдет қой. Қандай болғанда да үйдi көктемге дейiн қоя тұру керек едi. Бала-шағам барын бiлетiн едi... - Ойы сан-саққа жүгiрген Сабыржан бөлме iшiн әрлi-берлi кезiп жұрiп: - Сол арызқойға үй керек болған... Мен жұмыстан босаған соң үй де... Иә, мәселе ендi түсiнiктi болды... - дедi салалы саусақтарымен шашын сипап.
Өткен күнi ғана бастықтың ұстiнен қайта-қайта арыз жазып үй сұрап есiктi босатпай жұретiн бiр жұмысшы үйлерiне көшiп келiп кiрiп алды.
- Өз-өзiңдi қолға ал. Балаларға қара. Ана жолғы келген тексерушiлер тегi менiң жұмысымнан бiр кiнә тапқан сияқты. үйдi де сол арызқойлардың бiреуi алды. Бәлкiм, құжаттарға қателесiп қол қойып жiбердiм бе? Бiздiң жұмысымыздың бәрi есеп-қисап қой. Комбинатымыз өнiм өндiредi. Оны сатамыз. Өзiмiз кәсiпкерлiкпен айналысып, қажеттi заттар аламыз. Соның бәрi есеп. Бастықпен бiрге мен де қол қоя беремiн. Ендi, бастықтан гөрi менi орнымнан жұлып тастау тиiмдi болған шығар, - дедi өңi қуқылданып, көзiне жас мөлдiреген келiншегiн аймалап.
- Уайымдамаймын жаным. Өзiң аман бол, балаларымыз аман болсын. Сен айтпақшы әлi жаспыз ғой, - дедi күйеуiнiң төсiне басын қойып. Шынын айтқанда оның соншама адалдығына, пәле ойламайтын азаматтығына тәнтi болды. Бар пәленi өзiне аударып алғанына iшi уылжыды.
Бiреудiң жылағанына, қуанғанына, жығылып-сүрiнгенiне бұрылып қарайтын уақыт шiркiн бе? Өзi жендет, өзi емшi, өзi сор, өзi бақ демекшi, тоқтаусыз зымырайтын доңғалағы әдетiнше жүрiсiнен танбай өтiп бара жатты.
Аядай екi бөлме. Бiреуiнде ұйықтайды. Бiреуiнде от жағып, тамақ жасайды. Оның үстiне заттар қойылған. Айналуға келмейтiн қуықтай. Амалдап бiр қысты өткiзермiз деп басқа пәтер iздемеген. Әрлi-берлi сабылып Сабыржан жөндi жұмыс таба алмады. Төлейтiн ақшалары болмаған соң балаларын балабақшадан шығарып алған. Үйге кiрсе де, шықса да ыңылдап, әсiресе кiшiсi жанынан шықпайды. Үйiн берген көршi ақсақал қалған-құтқан томар ағашын жағуға рұхсат еткен. Бiрақ қыстың көзi қырауда үй жыли қоймаған соң көмiр алды. Сыртқы есiк ашылған сайын азынап суық кiредi. Тегi тер қатырып алды ма? Кiшi ұлы күйiп-жанып қатты ауырды. Ауруханаға тұстi. Үлкенi әлi беске жетпеген, одан кiшi қызы Айгерiмiне үйде Сабыржанның өзi қарап қалды. Ауруханадан шыққан соң да Сағитжанның бетi берi қарамай, бiрер аптадан соң ұзын кiрпiктерi қайқайып о дүниелiк болып кете барды.
Бұл кұйiк Бақытнұрға жаман батты. Сабыржанның аузынан түсiп қалғандай монтиып қалған балапаны айдың күнi аманында кiрпiгi төгiле ұйықтаған күйiнде басы бiр жағына сылқ етiп жүре бердi. Емшегiнен шығарғанына алты ай болса да:
- Сағит, Сағитым, мәмеңдi емесiң бе? - деп аузына салып едi. Көзiн қинала ашып, кезерген ернiмен кәдiмгiдей бiрер рет сорды. Сосын аузынан шығып кеттi. Монтиған бүлдiршiнi Бақытнұрдың көз алдынан кетпей қалды. Ендi бетiн басып алып, өкпесiн баса алмай еңiрейтiн болды. Сағитжаннан айырылған қаралы хабарды есiтiп енесi мен қайнысы келдi. Бұлардың басынан өткен келеңсiз жағдайды сонда ғана бiлдi.
- Көшiрiп әкетемiз. Елде боласыңдар. "У iшсең, руыңмен" деген, бiрге болсаңдар үй де бар, мал да бар қиналмассыңдар, - дедi енесi.
Көп ұзамай қайнысы келiп көшiрiп әкеттi. Бiрақ, олар келiп әкеткенше, қатты қайғырып жылай бергендiктен бе, көтерiп қалған үш-төрт айлық баласын тастап қойды. Азып, жүдеп кеттi. Дәрiгер жүрегi ауырады деген анықтама бердi. Қатты ауырып, жүдеп-жадағанда сүйген жары Сабыржаны жанынан бiр елi шықпады. Көшiп келген соң да мал бағатын қайнысы семiз қойды сойып тастап аузынан жылы-жұмсағын айырмады. Енесi мен келiнi қымыздың саумалын iшкiзiп, аты шыққан тәуiптердi, дәрiгерлердi қоймай қаратып бiрер жылда-ақ аяғынан тiк тұрып оңалып кеттi. Iле көтерiп қалып, Сағитжанның орнын басқан балпақтай ұл туды. Сабыржанға серiк болсын деп атын Серiкжан деп енесiнiң өзi қойды. Бiрер жыл iнiсiнiң қасында қой бағып, жағдайларын түзеген Сабыржан Астанадағы бiр лауазымды қызметтегi достарының көмегiмен мамандығы бойынша үлкен шахтаға инженер болып орналасты. Көп ұзамай үй алып әйел, бала-шағасын көшiрiп те әкелген. Анасын, Бақытнұрдың аяғы ауыр болған соң бiрге ала келдi. Аллаға шүкiр, жаман болған жоқ. Одан кейiн де көтерiп, өмiрге ұл, қыз әкелдi. Қазiр үш қыз, екi ұлдары бар. Әлi институтта оқитын ең кенже Әсиясы болмаса, басқалары балалы-шағалы. Үлкен ұлы лауазымды қызметте. үлкен қызы институтта оқытушы. ±ылыми еңбекпен айналысады. Басқалары да қатарынан кем емес. Осы қалада поликлиникада бас дәрiгер болып iстейтiн Әдiлжаны қолдарында. Келiнi де дәрiгер. Үш немерелi. Мына жанында ерiп жүргенi ең үлкенi ғой. Сабыржан да, өзi де зейнеткер. Енесi осы балаларының қызығын көрiп, тоқсанға жақындағанда Бақытнұр мен Сабыржанның қолында жатып бақилық болды. Бiреуден iлгерi, бiреуден кейiн дегендей. Жылда Қазақстанның, шет елдiң таңдаулы жерлерiне демалыс ұйлерiне барып қыдырып, емделiп қайтады. Биыл да елiмiздiң жер жәннаты Көкшетауға барып, атақты Бурабай курортына дем алуға бармақ болып жүрген. Бұрыннан бүйрегi ауыратын Сабыржанның ескi кеселi қозып, ауруханаға тұсiп қалды. Тепсе темiр ұзетiн iскер, ақылды Сабыржанға осы ауру сол бiр зұлматты қолдан жасаған қиянатшыл бастығының кесiрiнен үйсiз-кұйсiз қаңғырып қалып, соғыс ардагерi Нұртас ақсақалдың аядай екi бөлмесiне қыстап шыққанда жабысып едi. Ауырып қалған баласын аяп, қатты қайғырған Бақытнұрын қинағысы келмей, отын-суды өзi әкелетiн. Пештi де өзi жаға салатын. Алдында панасы жоқ бiр ашылып, бiр жабылған есiктен ұйытқып соққан боран үскiрiгiнiң әсерi болмай қалды дейсiң бе? Сол жылы бүйрегi сыздап сыр бердi. Кейiн шахтада қызмет жасап жұргенде де дәрiгерге қаралып, ауруханаға да жатып шығатын. Шахтаны Ұзақ жыл басқарып, абыроймен зейнеткерлiкке шықты. Саяжайдағы бау-бақтарды баптап сәл суықтаса, ескi сырқаты белiн көтертпей шыға келедi. Тағы да сол көне ауруы қозып, ауруханада ем қабылдап жатқан.
Торығып-зарығып далада қалғанда, жылы құшағына алып ық жағынан пана болған Нұртас ақсақалды бұлар ұмытқан жоқ. Әсiресе Сабыржан қалт етiп қолы тисе Нұртас атаның ауылына қарай құстай ұшатын. Бағалы сыйлықтар алып барумен бiрге, тәуiр демалыс үйiне жолдама ала кететiн. Көңiлi көншiп, жайнап-жасап қайтатын.
- Қазына ғой, Нұрекең қазына. Сол кiсiнi көрiп, ақыл кенге толы салиқалы сөздерiнен қуат алып, жасарып, жадырап қаламын. Қиналғанға жақсылық жасауды, адам баласына қиянат жасамауды сол абыз ақсақалдан үйрендiм, - деп жиi айтатын. Кейiн ұлдары мен қыздарын, немерелерiн де қалаға оқуға түсуге, қызметке орналасуына көмектестi. Шахтаның жұмысына баулып, бiлiктi мамандық алуына шет елге немересiн оқуға жiбердi. Бақытнұр да әлденеше барып қарттың ақ батасын алып келген. Он жетi жасынан соғысқа қатысып, бiр қолынан айырылып мүгедек болып оралған қарт, өзiнен кейiнгiлерге үлгi болар өмiрiнен, қазына көкiрек ақыл-санасын жоғалтпай сексен беске қараған шағында абыроймен бала-шағасының алдында көз жұмды. Қатты сырқаттанып жатқанда Сабыржанға хабар тигiзiп шақыртты. Осылардың келуiн күткендей, қатты ентiгiп қиналып жатыр екен. Сабыржан мен Бақытнұрды көрiсiмен жанары жалтырап, кәдiмгiдей қуанды. Жастыққа сүйенiп, бiр кесе шәй iшуге жарады. Ертеңiне-ақ маңдайынан суық тер ағып жағдайы кете бастады. Кемпiрi мен бала-шағасы шүпiрлеп жанына жиналды. Сабыржанның қолын етi қашқан салалы саусағымен қыса Ұстаған қарт:
- Ризамын, ризамын сенi кездестiрген Аллаға. үрiм-бұтағыма көп жақсылық жасадың. Көлеңкелi саяңа паналаттың. Өсiрдiң, өндiрдiң. Сен де менiң бiр ұлымсың. Алланың мейiрiмi тұсiп, шын көгеретiн пендесi болса, мына сен көктеп-көгересiң. Осы бетiңнен танба... - дедi әрең тiлге келiп жатып. - Әлгi, әлгi сендерге қиянат жасаған кiм болса да оңбайды. Алла адал адам жақта...
- Нұреке-ау, әкемнiң орнына әке болған. Жақсылық жасауды, азаматтың асыл сынығы екенiңiздi көрсетiп, сiз үлгi болдыңыз маған. Жақсылығыңызды келiнiңiз екеумiз де ұмытпаймыз. Сiз менiң iздеп тапқан әкемсiз, - дедi Сабыржан қарттың етi қашқан қолынан сұйiп, көзiнен жас шығып. Бақытнұр екеуiне мерейлене қарап жатқан қарт кемпiрi мен бала-шағасының шүпiрлей ұстаған қолдарын қайта-қайта ұстап жатып көз жұмды.
- Адал адамға қиянат қылған оңбайды. Алла бәрiмiзге бiрдей. Жассыңдар, болашақтарың алдыңда. Әлi-ақ теңелiп кетесiңдер. Мықты болыңдар. Келiн қарағым, мұңая берме, азаматың аман болсын, - деп едi ауылдан қайнысы келiп көшiрiп әкетiп бара жатқанда, қара жердiң қойнына берiп кетiп бара жатқан Сағитжанын ойлап iшi удай ашып еңiреп жылаған Бақытнұрды бауырына басып көзiне жас алып. Жүктi артып жүрiп бара жатқан машинаның соңынан да көзiндегi жасын жасыра алмай таяғына сүйенiп ерiп жол айрығына дейiн келген еді.
- Қайран асыл, абыз болып жолыққан аташым-ай! - дейдi сақал-мұртын әдемiлеп қойып, жағаларына кiр жуытпай жұретiн бипаз қартты жиi есiне алатын Бақытнұр.
- Сен бiзге қыдыр болып жолықтың ғой. Сенi кездестiрiп, қолтығыңнан сая тауып, ақыл-парасатыңнан әсер алғалы бiздiң жолымыз жақсылыққа бастады. Бәлкiм Алладан кейiнгi желеп-жебеушiмiз өзiң шығарсың. Қазаныңда бiр кесе тамақ пiссе, жартысын менiң балаларымның аузына әкелiп тосатын едiң. Жатқан жерiң жайлы болсын, қайран атекем, - дейдi ақырын күрсiнiп.
- Сендердi зар жылатып, шаңырағыңды шайқап, ошағыңды ойрандаған адам оңбайды. Алла бәрiмiзге бiрдей, - деп сол абзал қарттың қалың қасы түйiлiп, күңiренiп айтқанындай, балпақтай ботасынан айырылып зар жылап қалғанда баласы үшiн отқа да, суға да түсетiн ана емес пе? Шырқырап, жер бауырлады.
- Алла-ай, Аллам-ау! Менi осынша шырқыратып, бауыр етiм баламнан айырған кәззаптың азабын баласынан бере гөр. Менi қарашығымнан өлi айырсаң, оны тiрi айыр. Баланың азабы қандай болады екен тартсын... - деп едi сонда күңiренiп. Ендi өзi де күңiренетiндей жағдай емес пе едi?
- О, тәңiр-ай, әлгi қалтаңдап таяқ ұстап бұған жанары сөнген өлi көзбен қараған сол емес пе? Соның өзi ғой. Шынымен мұны таныды ма екен? Көзiн алмай неге таяғына сұйенiп қалт-құлт еттi. Әлде ауру меңдеп, меңiренiп, әйтеуiр көзiне тұскенге тесiлiп қалатын әдетi ме? Әлгiдегi үрейi ұшып, қай-қайдағылар есiне тұсiп, көзiнен жасы сорғалап, әлек-шәлегi шыққанын айтсайшы! Шынын айтқанда, бiтеу жараның аузы байқаусыз тырналып, қанды iрiң аға жөнелгендей ме едi?! Бiрдеңенi сезгендей мына немересi де бетiне жалтақтап қарай бергенiн қайтерсiң? Балмұздақ әперiп қойғаны жақсы болды. Әйтпесе... Баланың аты бала. Алаңсыз өзiмен өзi.
- Неге өңiң бұзылып кеткен. Бiр жерiң ауырып тұр ма? - дедi ол әкелген ыстық тамағы мен майлы қаттаманы ораулы қағазын ашып алдына қоя бергенде жалтаң-жалтаң қараған Сабыржан.
- Маған жүгiре бермей, өзiңдi-өзiң күтсейшi. Балалар хабар алып тұр. Бiрге қызметтестер. Ағайындар демекшi. Бәрі тамақ әкеліп жатыр. Қан қысымың көтерiлiп кетпесiн. Бүгiн дәрiңдi iштiң бе? - деп Сабыржан шыр-пыр болып сұрап жатыр.
- Жәй, жәй Сабыржан. Әлгiде автобустың терезесiнiң көзi ашық екен. Содан суырма самал соқты ма? Көзiм сәл жасаурап... өтiп кетедi. Ендi қартайып та қалдық қой, отағасы. Құстың қанаты желп етсе де бiзге жайсыз тие қоятын әдетi емес пе? Бәрi өтiп кетедi, - дедi термостағы сүт қосқан шәйiн кесеге құйып жатып.
- Сонда да өңiң қуқылданып... үйге бара салып дәрi iш... - дедi бетiне жалтаңдаған Сабыржан.
- Ендi тағы бiр анализ алса, анықтама дұрыс шықса, үйге шығып та қалармын, - деген Сәкең есiкке дейiн шығарып салып, дәрi iшiп дұрыстап демалуын тағы ескертті. Бұрынғыдан бетi берi қарап, газет-жұрнал оқып, жинақыланып қалған отағасына көңiлi толып, Бақытнұр кәдiмгiдей қуанып қалған. Екеуi қол ұстасып, отбасын құрып, отау көтергелi қырық жылдан асыпты. Ұл өсiрдi, қыз өсiрдi. Өмiрде кездесетiн оқпандарға түсiп батып кете жаздап, қайта шықты. Әйтеуiр қатарларынан қалмай бәрiн шыдамдылықпен, сабырлылықпен жеңiп келедi. Ой таразысына салса, соның бәрiне төтеп берiп ық жағына пана болып, маңдайына шыбын қондырмай аялаған осы Сабыржаны, сүйген жары екен.
Араға екi күн салып ауруханаға тағы келген. Палатаның iшi апыр-топыр дәрiгерлердiң бәрi жиналып қалыпты. Жүрегi суылдап, үрейi ұшып кеткен Бақытнұр қолындағы ыстық шәй құюлы термосын тастап жiбере тастап ұмтылды. Оның басына бiрден-ақ Сабыржаны қатты қысылып, қиналып жатыр екен деген ой болды. Жоқ, Сабыржан дiн аман. Бiрақ былқ-сылқ етiп денесiн ұстай алмаған бiреудi құшақтап, медбикемен бiрге әлгiнiң аузына дәрi құя алмай әлек. Құр сұйек болып қалтиып қалған әлгi неме қалтыраған қолын көтерiп аузына апара алмай, ернiн икемдеп дәрi де iше алмай буынын әрең ұстайды.
- Дәрiнi iшкiзу керек, қарындасым. Системамен құйылған дәрiмен тұла бойына жөндеп дарыса жайлап оңала бастар. Мiне, кемпiрiм де келiп қалды. Қане, термостан шәй құйып бере қойшы, Бақыттай. Көрдiң бе мына бiр ағайынның жағдайының тым ауыр екенiн, ептеп көмектесiп жiберейiк. Ендi өз қанымыз қазақпыз ғой, - дейдi ақкөңiл Сабыржан кемпiрiне бұрылып.
- Қазiр, қазiр. Ыстық сорпа да әкелдiм, - деп кесенi ұсына берген Бақытнұр мына өлi мен тiрiнiң арасында отырған кiсiнiң осыдан екi күн бұрын көргенде жаны түршiгiп, өткен өмiрi есiне түсiп, жанарынан жас атқылап кеткен, баяғы Сабыржан екеуiн бала-шағасымен шырқыратып үйден қуып, жұмыстан босатып, бiр үзiм нанға зар қылып, ошағын ойрандаған жылан көз, залым бастығы Қарабай Былшықбаев екенiн бiрден таныды. Аяныш ұялаған сезiмi судай басылды. Тұла бойын ыза кернеп, ыстық шәй құйып ұсынған кесесi қолынан сусып түсiп кеттi. Тас-түйiн болып орнында қалтиып тұрып қалған.
- Саған не болды? Әй, мұлде қуарып кеттiң ғой. Қан қысымың көтерiлiп кетпесiн. Сыртқа бара тұр. Қорықпа, қорықпай-ақ қойшы. Әлi-ақ оңалып, қатарға қосылып кетедi бұл кiсi. Қазiр медбикенi дәрiге жiбердiм. Бiр он кұү системамен қабылдаса, ә демей бетi берi қарайды. Бақыт, Бақытым, - деп ендi әйелiне қарай ұмтылған. Қырық жылдан аса бiрге жасағанда бетiне шәй деп келмеген Сабыржанның нұрлы шуақты жылылығымен, саф таза мейiрiмi оның өн бойында самала болып нұр төгiп есiн тез жиды.
- Жәй, Сәке, шамалы... Шынында да мына кiсiнiң жағдайы ауыр екен. Қазiр шәй құя қояйын. Ыстық сорпа да бар, - дедi түршiгiп, өштiк, налалық билеген өн бойын әрең игерiп, ақылға жеңдiрiп. Сабыржан мен медбике қарысып қалған тiсiн ашып, әлгi кiсiге қанша шәй iшкiзбек болса да төгiлiп кете бердi.
- Дәрiнi әкелдi, аға. Система құя қояйын. Әл-әзiр су ұрттауға шамасы келмес бұл кiсiнiң. Мына дәрiханадан сiз алдырған дәрi жақсы әсер етедi. Бiзде қымбат дәрiлер жоқ едi. Ауыр сырқаттар көп тұседi. Пайдаланып қоямыз. Оның үстiне қымбат дәрi алуға бюджеттен аз қаржы бөлiнедi. Ауруханалардың көбi жекеменшiк болып кеттi ғой, - дедi емдеушi дәрiгермен бiрге жүгiрiп жұрген бас дәрiгер жағдайларын түсiндiрiп.
- Ештеңесi жоқ. Бұл бейшараның тұрмыс жағдайы қиын екенiн бiреулерден бiлдiм. Әйелiнен айырылып кеткен көрiнедi. Ұлы басқа ұлтқа үйленiп, сонау Сiбiр жаққа әйелiмен кетiп қалған дейдi. Қызы да шет елдiң жiгiтiмен тұрмыс құрып Америкада тұрады дейдi. Ендi басқа түссе көнбеске не шара!? Бөтен емес, өзiмiздiң қазағымыз екен ғой. Қолдан келгенше аяғынан тұрғызып жiберсек...
- Бiр өзi бiр үйде тұратын сияқты. Қарттар үйiмен хабарласып орналастыру керек болар. Ол жерде ең болмаса тәрбиешiлер жанында болады ғой, - дедi системаға қоюға әкелген дәрiнiң сыртына ұңiлген Сәкең.
Жаңа әкелiп тамырынан егiлген дәрi шым-шымдап өн бойына дарыған соң, әлгi бейбақ ұйқыға шома бастады. Қол-аяғы селкiлдеп, бiр жұтым су iшуге әлi келмей қор болған бұрынғы бастықсымағының көрсеткен айуандығы жүрегiнiң түкпiрiнде қан болып қатып қалса да, мынадай бейшара күйде көргенiнде төбе шашы тiк тұрды. Өзi-өз болғалы адам баласының бүйтiп қор болғанын көрген емес. Енесi де, атасы да Алланың берген жасын жасап, көз алдында қиналмай, ұйықтап кете берген. Ендi мына бейбақ...
- Алла-ай! - дедi Сабыржанның төсегiне сылқ етiп отыра кетiп.
- Алла, Алла-ай, тегiнде қарғысым қате кетпей, мiскiн кұйде алдымнан шығарғаны ма? Кеше гөр, кеше гөр, қатты кетсем кеше гөр, Алла!? Қайтейiн ошағымды ойрандап, жанымды жүдетiп, құшағымда балбыраған сәбиiмнен айырған соң тым қатты нала болғаным рас едi. Кеш менi, кеше гөр, Тәңiрiм?! Бала-шағама, отбасыма кесiрiн тигiзе көрме. Мен, мен... кiнәсiзбiн, кiнәсiзбiн, Алла, Жаратқан ием... Тұла бойы түршiге қалш-қалш еткен Бақытнұрдың жанарынан жас саулап қоя бердi. Құлағына күмбiрлеп көршi атаның, кiрпiгi қайқайып сұлқ жатқан Сағитжанның өлi денесiн жерлеуге әкетiп бара жатқандардан айырылмай зар еңiреп, жер бауырлағанда: - Қолтығынан сүйеп, есiңдi жи, қарағым, Алла бәрiмiзге бiрдей. "Әркiм қылса өзiне" деп өткендер текке айтып кетпеген. Әлi-ақ алдынан шығып, көктей солдырады. "Ерте келмесе, кеш бiр зауалын тартады", - деп сақалын сипай кұмбiрлеп сөйлеп тұрғандай. Сол дана қарт айтқандай, мына сормаңдайды ойламаған жерде пұшаймен халде кездестiргенiн айтсайшы.
- Тәңiр шебер-ай! Менi ғана зар илетiп қойды дейсiң бе? Әлемдi уысында ұстап тұрғандай дүркiреп тұрғанда бұл бейбақ. Әлгi әдiскер кабинеттiң меңгерушiсi апай айтқандай, "Аяғы ауырлап, ата-анасының алдында қара бет болып, ел-жұртына сыймай масқара болып кеткен қыз туған баласын өлтiрiп, перзентханадан қашқан жерiнен ұсталып, түрмеге түсiптi. Одан соңғы тағдыры не болады байғұс қыздың..." деген сөзi бiр ғана мысал ғой. Қанша адамның өмiр жолына қақпан қойып, қанша момындарды текке зарлатпады екен? О, Жаратқан! Тiфә, тiфә..." - дедi өз-өзiне келiп түкiрiнген Бақытнұр көз жасын күйеуiне көрсеткiсi келмей терiс айналып.
- Тiфә, тiфә, бала-шағамнан, отбасымнан аулақ. Өзiм ақпын, адалмын, Аллам. Сабыржан екеумiздiң адал, ақ пейiлiмiздан жарылқа! - дедi жағасын ұстап бұрынғы жыланкөз бастығының бетiн көргiсi келмей.
- Жақсы болды. Кiшкене мызғыды. Тамырына құйылған дәрi шым-шым әсер етсе де есiне келiп, аяғынан тұрып кетер, - дедi төсегiне отырып, сұлгiмен бет-аузын сүртiп, әйелi ұсынған ыстық шәйдi ендi қолына алған Сабыржан.
- Қорықпа. Мұндайды көрмеген соң кiшкене толқып қалғансың ғой. Қан қысымың көтерiлiп кетпесiн, дәрi iшiп ал, - дейдi дәнеңемен iсi жоқ елбеңдеген Сабыржан.
- Айтпақшы, ертең балалардан бiраз ақша берiп жiбер, мына бейшараға әлгi қымбат дәрiсiн әпере салайын. Аяғынан тұрып кетсе, сауап болар. Бөтен емес, қазағымыз ғой. Бiзге Құдай жеткiзер. Мұнда осындай қиын аурулар жиi түседi екен. Қорқып қаларсың. Ендi бiрер кұнде өзiм де шығамын. Ендi келмей-ақ қой. Балалар келсiн, - дедi Бақытнұрын сыртқы есiктiң алдына дейiн шығарып салып келген Сабыржан. Ерiнiң бетiне қарап өмiрiнде қарсы келмеген Бақытнұр iштен тынып тұрса да ләм демей басын изедi.
Ауруханадан шыққан соң да Сабыржан әлгi кiсiге жиi барып тұрды. Ыстық тамақ, жемiс ала кетедi. Көп өтпей өзiнiң киiп жүрген жап-жаңа көйлек-шалбарын кигiзiп, ауруханадан шығарып әлгi кiсiнi қарттар үйiне апарып орналастырып келдi.
- Бейшарадан хабар алатын ешкiмi жоқ сияқты. Аяғы икемге келiп, таяққа сүйенiп жұргенiмен, қолы әлi қалтырайды. Тiлi де сөйлеуге онша келмейдi. Менi көрсе басын иiп, көзiнен жас сорғалай жөнейдi. Қалтасына азын-аулақ ақша салып кетемiн. Ең болмаса бiр аптада кәдiмгi өзiмiздiң қазы-қартамыздан ет асқанда апарып берiп тұрайын. Ыстық-ыстық сорпа iшсiн. Өзiмiздiң қазағымыз ғой, - дейдi Сабыржан әдетiше жан адамға жамандық ойламайтын ақ, адал пейiлiмен. Ерiнiң бетiне келмейтiн әдетiнше Бақытнұр ләм демей басын изейдi.